Жаңалықтар
28 сәуірде атап өтілетін Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні жұмыс орнындағы қауіпсіздік мәселелеріне назар аударуға бағытталған. Медицина саласында кәсіби қорғаныстың негізгі бағыттарының бірі сәулелік зерттеулер жүргізу кезіндегі радиациялық қауіпсіздік болып табылады. Осы бастама аясында «Онкология және сәулелік диагностика» кафедрасында 01.04.2026 жылы «Пациенттер мен медициналық персоналды радиациялық қорғау принциптері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстелді «Сәулелік диагностика» пәні бойынша қауымдастырылған профессор Л.В. Бризицкая ұйымдастырды. Шараға Педиатрия бойынша білім беру бағдарламасының 3-013, 3-014 тобының студенттері қатысты.
Диагностиканың сәулелік әдістерінің кеңінен енгізілуіне байланысты радиациялық қорғау тақырыбы барған сайын өзекті бола түсуде. Радиациялық қауіпсіздік принциптері — негіздеу, оңтайландыру және дозиметриялық бақылау — пациенттер үшін де, медициналық персонал үшін де қауіпсіз жұмыстың іргетасы болып табылады. Сарапшылар бұл принциптерді сақтау зерттеулердің диагностикалық құндылығын төмендетпей, сәулелік жүктемені барынша азайтуға мүмкіндік беретінін, ал оларды бұзу денсаулық үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Іс-шара аясында радиациялық қорғаудың заманауи тәсілдерін, нормативтік базаны және сәулелену дозаларын төмендетудің практикалық алгоритмдерін қамтитын презентация ұсынылды. Материалды бекіту үшін интерактивті форматтар ұйымдастырылды: Kahoot викторинасы қатысушылардың дозиметрия мен иондаушы сәулеленудің биологиялық әсерінің негізгі бөлімдері бойынша білімдерін серпінді режимде бағалауға мүмкіндік берді; «Өз ойыным» радиациялық гигиенаның күрделі мәселелері, қорғаныс жабдықтарының құрылымы және пациенттердің әртүрлі топтарымен жұмыс істеу ерекшеліктері бойынша білімді жүйелеуге ықпал етті; «Дәрігер соты» дебаттары әдептік-құқықтық аспектілерді талқылау алаңына айналды: қатысушылар айыптау және қорғау тараптары ретінде сәулелік зерттеулерді негізсіз тағайындауға байланысты клиникалық жағдайларды дәлелді түрде талдады; «Шындық пен аңыз» ойыны радиация мен радиациялық қауіпсіздік туралы кең таралған жаңсақ түсініктерді сейілтуге көмектесті; «Крокодил» ойыны қызықты формада кәсіби терминологияны және стандартты емес жағдайлардағы іс-қимыл алгоритмдерін бекітті.
Қатысқан студенттер жоғары қызығушылық танытып, заманауи дозиметриялық бақылау әдістеріне, жеке қорғаныс құралдарына, сондай-ақ апаттық жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмдеріне қатысты сұрақтарды белсенді қойды. Диагностикалық қажеттілік пен сәулелік жүктемені барынша азайту арасындағы теңгерім туралы пікірталастар ерекше назар аудартты. Студенттер осындай ісшараларға қатысуды жалғастыруға ниет білдіріп, теориялық бөлімнің интерактивті форматтармен ұштасуы радиациялық қауіпсіздік принциптері мен олардың болашақ кәсіби қызметтегі практикалық қолданылуын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін атап өтті.