Жаңалықтар

Медицинада эксперименттің рөлі: студенттердің зерттеу тәжірибесі арқылы білім мен ғылымды интеграциялау
Медицинада эксперименттің рөлі: студенттердің зерттеу тәжірибесі арқылы білім мен ғылымды интеграциялау
2 April 2026

2026 жылдың 2 сәуірінде Физиология кафедрасының «Патологиялық физиология» блогы профессоры, м.ғ.к. Абдикадирова Хамида Рахимовнаның жетекшілігімен «Стоматология» мектебінің 2-003 тобы мен «Медицина» мектебінің 3013 тобы студенттерінің қатысуымен білімді ғылыммен ұштастыру мақсатында зертханалық егеуқұйрықтарға тәжірибелік зерттеу жүргізіліп, медицинадағы эксперименттің (RBL) маңыздылығына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Зерттеудің мақсаты – кофеиннің қандағы глюкоза деңгейіне, сондай-ақ орталық жүйке, жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйелеріне әсерін бағалау, сонымен қатар жүректік препараттар, адреналин және зәр айдайтын (диуретикалық) дәрілік заттардың ағзаға ықпалын кешенді түрде зерттеу болды.




Эксперимент барысында симпатоадреналдық жүйенің жедел белсенуі және гипергликемиялық жағдай модельденді. Кофеин мен адреналиннің әсерінен жүрек соғу жиілігінің артуы, қан қысымының өзгеруі және тыныс алу көрсеткіштерінің динамикасы анықталды. Жүректік препараттардың кардиотропты әсерлері бағаланып, олардың миокард қызметіне ықпалы талданды.

Сонымен қатар диуретикалық дәрілік заттардың бүйрек қызметіне әсері зерттеліп, зәр түзілуінің күшеюі (диурездің артуы) арқылы ағзадағы су-тұз алмасуының өзгерістері қарастырылды. Бұл құбылыс гемодинамика мен гомеостазды реттеудегі бүйрек қызметінің маңыздылығын көрсетуге мүмкіндік берді.

Адреналиннің жоғары дозаларының әсері ерекше назарға алынып, оның өкпе тініндегі гемодинамикалық өзгерістерге ықпалы қарастырылды. Атап айтқанда, адреналиннің әсерінен өкпе қылтамырларындағы гидростатикалық қысымның жоғарылауы және тамыр өткізгіштігінің өзгеруі нәтижесінде өкпенің ісінуі (өкпелік ісіну) дамуы мүмкін екендігі көрсетілді. Бұл жағдай жедел жүрек жеткіліксіздігімен және қан айналымының бұзылыстарымен тығыз байланысты патофизиологиялық үдеріс ретінде түсіндірілді.

Жүргізілген зерттеу дәрілік заттардың фармакодинамикалық әсерлерін кешенді бағалауға мүмкіндік беріп, антигипергликемиялық, кардиотропты және анксиолитикалық препараттарды апробациялауда, сондай-ақ нейрофармакология, кардиология және эндокринология салаларындағы зерттеулерге дайындық кезеңінде қолдануға негіз бола алады.

Эксперимент студенттерге патофизиологиялық үдерістер мен фармакологиялық әсерлердің өзара байланысын тәжірибелік тұрғыда терең түсінуге, сондай-ақ зертханалық және аналитикалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде болашақ мамандардың ғылыми ойлау қабілетін қалыптастырып, кәсіби құзыреттілігін арттыруға ықпал етеді.

 Студенттердің ғылыми-зерттеу іс-шарасына белсенді қатысуы медицина саласында білім мен ғылымның интеграциясын нығайтып, болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға негіз болады. Осы бағытта білім мен ғылымды дамыту жолында жоғары нәтижелер мен табыстар тілейміз, сондай-ақ атқарылған жұмыс үшін алғыс білдіреміз.



102

Жаңалықтар лентасы

Жарияланды: 12.04.2026
.
Жарияланды: 06.04.2026
Жарияланды: 02.04.2026
Жарияланды: 26.03.2026