Жаңалықтар
2022 жылдың 26 қазанында Қарағанды қаласы Абай атындағы №104 мектеп-гимназиясында «Болашақ» қауымдастығының «Мамандық таңдауға көмектесу» жобасы аясында Халықаралық медицина университетінің (Малайзия) түлегі, «Қарағанды медицина университетінің» симуляциялық және білім беру технологиялары орталығының директоры Кемелова Гүлшат Сейітмұратқызы жоғары сынып оқушыларына дәріс өткізді.
2020 жылдың 2 қарашасында №104 мектеп-гимназиясы ашылған, ал Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылдың 23 қарашасында мектепте оқушылармен кездескен болатын, сол уақытта мектепке Абай есімі берілді. Қазіргі таңда мектепте 1600 оқушы білім алуда.
Бұл мектеп басқа мектептерден заманауи дизайнымен ерекшеленеді. Мектеп оқушыларының жайлы білім алуы үшін қызықты кабинеттер, STEM зертханасы, робототехника, интеллект кабинеттері, мектеп телестудиясы, медиастудия және тамаша психологиялық кабинет жасалған. Сыныптан тыс жұмыстар мен үйірме жұмыстарын ұйымдастыру үшін ART-студиясы мен хореография залы құрылған. Мектеп оқушыларына сабақтан кейін демалуы үшін ашық алаңдар көркемді жасалған. Мектептегі қолайлы атмосфера жасалған, ал үзілісте классикалық қоңыраудың орнына домбыра әуенінің шырқалатыны қатты қуантты.