Жаңалықтар
«Таулардың биіктігі одан алыстаған сайын көріне береді» деген халқымыздың дана сөзі бар. Медицина саласында өшпестей із қалдырған медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер патоморфолог, доцент, арқаның сегіз қырлы бір сырлы азаматы, өнегелі ұстаз Мұрат Тлеуғабылұлы Айтқұловтың өмірден өткеніне жыл болып қалды. Ол 1941 жылы 10 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Сарыөзек ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Қарағанды медициналық институтының (ҚММИ) емдеу факультетін бітіріп, үш жыл бойы осы институтта патологиялық анатомия кафедрасының аспиранты болып дәріс алды. 1967-1981 жылдар аралығында патологиялық анатомия кафедрасының ассистенті болып жұмыс істеді, доцент ғылыми атағын алды және 1995 жылға дейін оқытушылық қызмет атқарып, патологиялық анатомия және сот медицинасы курстарын басқарды. 1982 жылдан 1997 жылдары стоматология факультеті деканының орынбасары, кейін деканы қызметін қоса атқарды. 1989-1992 жылдары облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бас штаттан тыс патолог анатомы лауазымын қоса атқарды.
Мен Мұрат Тлеуғабыл ұлын жақын білетін жандардың бірімін. Ол – келбеті мен ішкі дүниесі әсем үйлесім тапқан, ойы терең, сезімі сергек, жаны жайсаң, кең пейілді, парасатты, мейірман жүректі, салқын сабырдың иесі және ұлағатты ұстаз.
Қорқыт Ата атындағы Кызылорда мемлекеттік университетінде жалпы медицина, кейің валеология кафедраларының меңгерушісі ретінде жұмыс атқарғанымда (1994-2006 жылдары) өте тәжірибелі ұстаз ретінде Мұрат Тлеуғабылұлын болашақ дәрігер гигиенист-эпидемиологтарға және валеологтарға лекция оқуға, практикалық сабақ жүрзізуге, мемлекеттік емтиханның төрағасы ретінде шақырған болатынмын. Оған сол кездегі ректорымыз техника ғылымдарының докторы, профессор Қылыш Алдабергенұлы Бисенов қарсы болған жоқ. Ұлы Әл-Фараби бабамыз айтқандай, Мұрат Тлеуғабылұлы дәріс берумен қатар тәрбие жұмысын қатар жүргізіп, жастардың сапалы білім алуына, оқытудың шеберлік-әдістемелік саласына керемет үлес қосты десем артық айтпаған болармын.
2011- 2018 жылға дейін Мұрат Тілеуғабылұлы Көкшетау жоғары медициналық колледжінде ұстаздық қызметін жалғастырды. 2018 жылы Ш. Уәлиханова атындағы Көкшетау университетінде медицина факультеті ашылғаннан кейін, Мұрат Тілеуғабылұлы "Морфология, физиология және жалпы патология" кафедрасының меңгерушісі қызметіне шақырылды. Әлі жас, жетілмеген факультеттің қалыптасуы мен құрылымдық нығаюына үлкен ат салысты. Басшылық кезінде ол кафедраның материалдық-техникалық базасын дамытуға бастамашы болды, педагогикалық шеберлік саласында баға жетпес тәжірибе берді және кафедра қызметкерлері үшін таптырмас тәлімгер болды. Белгілі ұстазымыздың ғылыми қызығушылығы уытты жағдайдағы өкпе патологиясына бағытталған, сондықтан диссертация тақырыбы да осы бағыттан таңдалғаны таңқаларлық емес. Ғылыми-ағарту іс-шараларында 70-тен астам жарияланымдар, көптеген әдістемелік құралдар мен оқулықтар бар. Сондай-ақ, Мұрат Тлеуғабылұлының медициналық әдебиеттегі мемлекеттік тілдің ұстанымын дамытуға және нығайтуға қосқан үлесі баға жетпес, деп айтуға толық негіз бар, ол патологиялық анатомия пәнінің таңдалған оқулықтарын ана тілімізге аударды, олар бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай және елдің медициналық жоғары оқу орындарында қолданылуда. Сонымен қатар, терапевт-дәрігерлерге арналған "Ішкі аурулар", "Ішкі аурулардың негізгі диагностикалық әдістері" атты оқу-әдістемелік құралдарын ана тілімізде жариялады. Ұзақ педагогикалық және ағартушылық қызметі үшін Мұрат Тілеуғабылұлы "КСРО Денсаулық сақтау үздігі", "Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі" белгілерімен марапатталып, 1982 жылы ҚММИ Құрмет Кітабына енгізілді, 2001 жылы ҚР Президентінің Алғыс хатымен, "Еңбек ардагері" және 2018 «ҚММУ дамуына қосқан үлесі үшін» медалдарымен марапатталды. Мұрат Тілеуғабылұлы кәсіпқойлықтың, еңбекқорлықтың және жауаптылықтың үлгісі болды. Оның кәсібилігі, өз ісіне адалдығы және өскелең ұрпақтың болашағына деген шынайы қамқорлығы әріптестері мен шәкірттерінің жүрегінде өшпес із қалдырды.
Өмірде азаматтың талабының оңғарылып, тасының өрге домалай беруіне бірден-бір себепкер болатын оның сүйген жары, өмірлік серігі екендігі – заңдылық. Оның бұл жағынан да жолы болған азамат. Сүйген жары Назым Ақанқызы дәрігерлік қызметін адал атқара отырып, өзінің міндеттерінің негізгісі Мұрат Тлеуғабылұлының көңіл-күйі, жағдайы екенін толық түсініп, өмір сүру дағдысына айналдырған, өте зерделі, нәзік жан. Назым апаның осы қасиеттері ұстазымыздың бойындағы отбасына деген адалдықты, тұрақтылықты тәрбиелеп тұрғандай. Қазақ әйеліне тән сыр-сипатты, заманауи қажетті тірліктерді меңгерген, сөзі өтімді, сауатты. Оның бұл қасиеттері Мұрат Тлеуғабылұлын үнемі әрлендіріп және мәндендіріп рухтандыра түсетін тәрізді болып бізге көрінетін.
Ұстазым өмірдің қиыншылықтарына мойымады. Оның бойындағы жігерлілік пен қайсарлық әке қанымен, ана сүтімен дарыған. Тектіден текті туады, тектілік жолын қуады деп, осы қанатты сөзді аша түсу үшін ғибратты жандардан тараған балалар мен немерелері туралы жазуды жөн көрдім. Балалары- Айжан жоғары санатты дәрігер стоматолог, ал Айдар биология ғылымдарының кандидаты, Е. А. Букетов атындағы Қарағанды университетінің физиология кафедрасының біріктірілген (ассоцияланған) профессоры, қазіргі заманғы, жаңа тұрпатты, заман ағымына дер кезінде үн қоса алатын үлгерімді, білімді, талапшыл, жаңашыл жастар.
Отбасындағы осы бір игі дәстүрлер Мұрат Тлеуғабылұлының немерелеріне жалғасқан. Олжас университет бітіріп, ата жолын қуып, Қарағанды медицина университетінде дәріс беріп жүрсе, Әділ Көкшетау және Астана университеттерін бітіріп, инженер энергетик болып қызмет атқаруда. Әсем колледжде суретші-дизайнер мамандығын игеріп жатса, Әмір 9 сынып оқушысы. Олар сабырлы, терең білімді, жан-жақты озық тәрбиелі болып өсіп келе жатқан үлгілі жастар.
Балалары мен немерелерінде бойларынан талантты адамдарға тән белгілер мен нышандардың ерте бастан біліне бастауы, қазақы тәрбиені сақтай отырып әр баланың бейіміне қарай заманауи бағыт берілуі, ата-әже мейірімі мен әлдиіне қанып өсуі, олардың бақытты болашағының негізі ғой. Демек, Мұрат Тлеуғабылұлының әулетінде еліміздің атын шығаратын, талантты, дарынды азаматтардың негізі қаланып жатқаны тектіліктің дәлеліндей.
Қорыта келе, сары арқа және сыр еліне білім саласын дамытуға және медицина саласына дәріс беріп, жастарды тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан Мұрат Тлеуғабылұлын әрдайым өз ісіне адал, мейірімді, ұлағатты ұстаз және жарқын жан ретінде жадымызда сақтаймыз. Оның жарқын бейнесі жүрегімізде сақталады.
ҚММУ түлегі м.ғ.д., С. Асфендияров атындағы ҚМУ С. Нұғманов атындағы онкология кафедрасының профессоры К. Төлеутайұлы
Автор: Кәрібай Төлеутайұлы – м.ғ.д., профессор, С. Нұғманов атындағы онкология кафедрасының оқытушысы, С.Д. Асфендияров атындағы Қазақтың Ұлттық Медицина Университеті.