Жаңалықтар
ҚАРАҒАНДЫ МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖАҢА РЕКТОРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
2025 жылғы 25 маусымдағы Университеттің Басқарма Төрағасы - Ректор лауазымына үміткерді анықтау жөніндегі Республикалық комиссияның отырысының хаттамасына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 26 маусымдағы №37 бұйрығына сәйкес, Көшерова Бақыт Нұрғалиқызы 2025 жылғы 27 маусымнан бастап «Қарағанды медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы - Ректоры лауазымына тағайындалды.
Бақыт Нұрғалиқызы Көшерова - медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты инфекционист-дәрігер, денсаулық сақтау саласында 35 жылдан астам тәжірибесі бар, оның ішінде 30 жыл медициналық білім беру саласында және 20 жылдан астамы басқару қызметінде еңбек етуде.
Ол Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас инфекционисі, Денсаулық сақтау министрлігінің Сапа жөніндегі біріктірілген комиссиясының клиникалық хаттамалар комитетінің төрайымы, «Жұқпалы аурулар дәрігерлері қоғамы» РҚБ Басқарма төрағасының орынбасары және халықаралық НААР сарапшысы болып табылады.
Кәсіби қызметі барысында Бақыт Нұрғалиқызы медицина білім беру және денсаулық сақтау саласында бірқатар стратегиялық маңызды жобаларды бастауға және сәтті жүзеге асыруға үлес қосқан. Олардың қатарында университет жанындағы медицина колледжін ашу, интеграцияланған академиялық денсаулық сақтау жүйесін құру, университеттік аурухана мен симуляциялық орталық ұйымдастыру, сондай-ақ Қазақстанда инфекциялық ауруларға медициналық көмек көрсету стандарттары мен 40-тан астам клиникалық хаттамаларды әзірлеуге қатысу бар.
COVID-19 пандемиясы кезінде оның басшылығымен Қарағанды медицина университетінің базасында карантиндік орталық, провизорлық және инфекциялық стационарлар ұйымдастырылды.
Бақыт Көшерова 150-ден астам ғылыми еңбектің, 6 оқу құралдарының және 1 оқулықтың авторы, кандидаттық, екі PhD дәрежесіне ие докторлар мен үш магистрді дайындаған.
Оның еңбегі «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасы білім саласының құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин», «Қазақстан Республикасы денсаулығын сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен және «Халық алғысы», «Шармановтың халықаралық медалі», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» және басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталған.
.png)
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі және Қарағанды медицина университетінің ұжымы Бақыт Нұрғалиқызының тағайындалуымен құттықтап, университет пен еліміздің медициналық білім беру саласының дамуына бағытталған стратегиялық бастамаларды сәтті жүзеге асыруға тілектестік білдіреді.