Жаңалықтар
«АЛЖИР» мемориалдық-мұражайына экскурсия
19 November 2025
2025 жылдың 15 қараша күні Қарағанды медицина университеті “Күретамыр” тарихи-өлкетану үйірмесінің ұйымдастыруымен университеттің 1–4 курс студенттері Астана қаласының маңында орналасқан «АЛЖИР» мемориалдық мұражай-кешеніне тағылымдық экскурсия жасады. Экскурсияның негізгі мақсаты – студент жастарға ХХ ғасырдың ең қасіретті беттерінің бірі болып саналатын саяси қуғын-сүргін жылдарының шындығын көрсету, жазықсыз жапа шеккен аналар мен балалардың тағдырын жүрекпен сезіндіру, тарихи жадты жаңғыртып, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең ұғындыру, жастарды отансүйгіштікке, әділет пен адамгершілік құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелеу.Студенттер мен оқытушылар Астана қаласына жақын жерде орналасқан «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері» ретінде белгілі, алайда халық жадында қысқаша АЛЖИР атауымен қалған бұрынғы лагерь аумағына келгенде мұражай қызметкерлері қонақтарды қарсы алып, экскурсия бағыты мен мазмұнымен таныстырды. Студенттер музейдің залдарын біртіндеп аралап, АЛЖИР тарихы жайлы мәліметтерді, мұрағаттық құжаттарды, фотосуреттерді, тұтқындардың жеке заттарын, хаттары мен естеліктерін көріп, сол бір зұлматты кезеңнің ауыр тынысын сезінді.
.png)
АЛЖИР – 1937 жылы КСРО-дағы жаппай саяси қуғын-сүргін науқаны кезінде ІІХК-ның арнайы бұйрығымен салынған лагерь. Ресми түрде «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері» деп аталса да, халық арасында АЛЖИР деген атаумен кеңінен танылды. Бұл жерде «халық жауының әйелі», «халық жауының қызы», «халық жауының анасы», «қарындасы» деп негізсіз айыпталған мыңдаған жазықсыз әйел жазасын өтеді. Олардың ешқайсысы нақты қылмыс жасамаған, тек күйеуі, әкесі, ағасы немесе туысы «халық жауы» деп танылғаны үшін ғана осынау азап мекемесіне айдалды. Лагерь жұмыс істеген жылдар ішінде мұнда түрлі деректер бойынша 20 мыңға дейін нәзік жанды қамауда болған.
Темір тордың ар жағындағы әйелдердің өмірі өте ауыр жағдайда өтті. Олар аязды қыста, ыстық жазда, желі үнемі ұйытқып тұратын далалық аймақта адам төзгісіз еңбекке жегілді. Бірі егін егіп, жер жыртса, енді бірі мал бағып, қора-қопсыға қарайтын, басқалары құрылыс, кірпіш құю, тоқыма және тігін цехтарында дамылсыз жұмыс істеді. Аштық, суық, киімнің жылы болмауы, тұрмыстық жағдайдың төмендігі, медициналық көмектің жеткіліксіздігі, үнемі бақылау мен қорқынышта өмір сүру – әйелдерді физикалық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыдан да титықтатты. Соған қарамастан, олардың көпшілігі өмірге деген құлшынысын жоғалтпай, бір-біріне тірек болып, үміт отын өшірмеуге тырысқан. Экскурсия барысында студенттер үшін ең ауыр тиген тұстардың бірі – лагерьде аналар мен сәбилердің тағдыры жайлы әңгімелер болды. АЛЖИР-ге айдалған көптеген әйелдер бұл жерге жүкті күйінде жеткізілген немесе лагерьде жүріп балалы болған. Алайда жаңа туған сәбилерге де жағдай жасалмады, аналарға жеңілдік қарастырылмады. Темір тордың ар жағында 1507 нәресте дүниеге келгені айтылады, бірақ олардың басым бөлігін аштық, суық, ауру және күтімнің жоқтығы жалмаған. Бұл – бір ғана сан емес, әрқайсысы – бөлек тағдыр, ананың жүрек жарасы, өмірге енді ғана қадам басқан сәби үмітінің үзілуі. Лагерьдегі осынау аяусыз шындық студенттердің жанын тебірентпей қойған жоқ.
Мұражай экспозициясында тұтқын әйелдердің тағдырын көрсететін фотосуреттер, лагердегі тар барақтар, темір керуеттер, киім-кешек, күнделіктер мен хаттар, әртүрлі қолөнер бұйымдары қойылған. Студенттер сол заттарға үңіле қарап, әр заттың артында бір адамның өмірі, үміті, арманы, қайғысы жатқанын сезінді. Экскурсоводтар әр экспонаттың тарихын түсіндіріп, сол дәуірдің жалпы саяси ахуалы, қуғын-сүргін механизмдері және адамдарға қалай жала жабылғаны туралы да жан-жақты мәлімет берді. Көптеген студенттер алған әсерлерімен бөлісіп, мұндай зұлматтың қайталанбауы үшін халықтың санасында тарихи жадтың сақталуы маңызды екендігін айтты.
.png)
Сапардың соңында студенттер арнайы залда АЛЖИР лагері туралы деректі фильм тамашалады. Фильмде лагерьде қамауда болған әйелдердің естеліктері, олардың балаларының, ұрпақтарының әңгімелері, сол жылдардан жеткен сирек кадрлар мен құжаттық материалдар көрсетілді. Экраннан естілген әрбір зарлы дауыс, көз жасы мен сағынышқа толы сыр, аналардың жүрекжарды мұңы студенттердің көңіліне ерекше әсер қалдырды. Кейбір тұстарында көрермендер үнсіз қалып, тек кадрдан естілген қасіретті оқиғаларды іштен сезініп отырды. Фильм лагерьдің тек қана статистика мен құрғақ дерек емес, нақты адам тағдырларының қасіретті тоғысқан орны екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті.
Тарихқа тағзым жасау - әр ұрпақтың қасиеті парызы. Тәуелсіздіктің бағасын түсіну үшін, бүгінгі күннің тыныштығы мен бейбіт өмірін қадірлеу үшін біз өткеннің ащы сабағынан қорытынды шығара білуіміз керек. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының тағдырын ұмытпау - әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Бүгінгі жастар үшін мұндай тағылымды іс-шаралар рухани тәрбие беріп қана қоймай, азаматтық ұстанымын қалыптастыруға септігін тигізеді.
Жаңалықтар лентасы
Жарияланды:
14.04.2026
Жарияланды:
13.04.2026
Жарияланды:
12.04.2026
Жарияланды:
10.04.2026
Жарияланды:
10.04.2026
Жарияланды:
09.04.2026
Жарияланды:
09.04.2026
Жарияланды:
08.04.2026
Жарияланды:
07.04.2026
Жарияланды:
06.04.2026
Жарияланды:
06.04.2026
Жарияланды:
06.04.2026
Жарияланды:
03.04.2026
Жарияланды:
03.04.2026
Жарияланды:
02.04.2026
Жарияланды:
02.04.2026
Жарияланды:
31.03.2026
Жарияланды:
30.03.2026
Жарияланды:
27.03.2026
Жарияланды:
26.03.2026